С.Қасымбек "Наурыз ару".

Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тарихи тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер- ұлы мереке.

Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігі мен түсіністігін нығайтатын, адам баласының да жан-дүниесі жаңғыра түсетін көктемнің жарқын мерекесін кеңінен атап өтуге, ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында Жастар театры ұжымы осы ертегі арқылы өз үлесін қосуда.

Тіршіліктің қайта жандануы, табиғаттың гүлденуі Наурыздың келгенін білдіреді. Ұшқан құс, жорғалаған жәндік, жүгірген жан-жануар, баянды тіршілік еткен адамзат жыл мезгілі көктемді ерекше асыға күтетіні ақиқат. Автор Сая Қасымбектің идеясы осыны меңзейді.

Оқиға желісінде тіршілігімізге өз кезегімен келетін жайма шуақ күн сәулесін төгіп, бүкіл тіршілік атаулысын ұйқыдан оятып, жасыл-желекті бояуға толы көрікті көктем жер бетін ақ қар басқан аязды қыс мезгілін ығыстырып өтеді. Боран мен сұлу да көрікті Наурыз аруы тіршіліктегі өз орындары үшін таласады.

Ертегі бүлдіршін көрермендерімізге табиғат ананың Күн, Боран, Наурыз ару сынды кейіпкерлері арқылы көркемдік таным тұрғысында ұлттық дәстүрімізді, жыл басы Наурызды, жаңа жылқы жылының енгенін айшықты баяндайды.