3 шілде күні сағат 17:00-де Конгресс-холда Қазақ хандығының 550 жылдығына тақырыбында «Ата тарих ақындар жырында» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өтеді.

Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде «Мемлекеттік Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің» директоры Несіпбек Айт хабарлады.

- Астана күнін мерекелеу аясында өтетін маңызды шаралардың бірі республикалық ақындар мүшәйрасы. Биыл оның басты тақырыбы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. Осыған дейін 4 рет өткен мүшәйра «Тәуелсіздікке тарту», «Мәңгілік ел – ұлт мұраты», «Елбасы елімен бірге» «Байтақ елім бақытым» деген тақырыптармен өткен. Мүшәйраға тек Қазақстанның ақын-жазушылары ғана емес, сыртта тұратын қандастарымыз да жыл сайын қатысып келеді. Осы уақытқа дейін әр мүшәйраның қорытындысы бойынша кітап шығарып келеміз. Ол тек ақындарды қолдау, рухы мен шабытын шарықтату емес, ел мен Отанды сүюге, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, халқымыздың білуіне, жастарды тәрбиелеуге, Елбасының істеп жатқан ұлан-ғайыр әлемдік ауқымды шараларын ақындар жырында өріп, таныту. Сондықтан бұл мүшәйраның мағынасы да, мәні де өте зор. Биылғы мүшәйраға шарт бойынша 15 маусым күні ақындарың ұсынған шығармаларын қабылдап болдық. Қазір оларды Сейіт Қасқабасов бастаған қазылар алқасы оқуда. Алдағы дүйсенбі қорытындысы шығып, жеңімпаздар анықталады. Биылғы жылдың өткен жылғы мүшәйралардан ерекшелігі биыл поэмалар, толғаулар көп келіп түсуінде болып отыр, - деді Несіпбек Айтұлы.

Оның айтуынша 3 шілде Конгрес-холда өтетін Астанаға арналған поэзия кешінде ақындарға жүлделері табысталатын болады.